Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойы аясында «Сарыжайлау» кинотеатры мен «Saryarqa» телеарнасы «Қара сөздерді» оқиық» атты жаңа шығармашылық жобаны жүзеге асырды
Мәдени мұра – бұл белгілі бір ұлттық игілік-құндылық қана емес. Мағынасы мен мәні әлдеқайда терең, әрі кең мәдени мұраны ғасырлар бойы ұрпақтар санасында жинақталып, зерделенген жалпы адамзаттық байлық деп тануға болады.
Әрбір адам баласы өзінің ұзақ та, қысқа ғұмырында бүкіләлемдік құндылықтардың кішкентай ғана бөлшегін игеріп, өзінің ішкі рухани дүниесіне сіңіре алады. Сол себепті де біздің әрқайсымыз мәдени игілік-құндылықты жете танып білуге ұмтылып, оны Табиғаттай аялап, Бейбіт күндей құрметтеп, Өмірдей бағалай білуіміз қажет.
Ұлы Абай – ақын ғана емес, ол – ойшыл, ол – құбылыс, ол – бүкіл адамзатқа ортақ байлық – құндылық. Оның шығармашылық мұрасы ұрпақтан-ұрпаққа жететін терең ой мен асыл идеялар, баға жетпес рухани байлық пен құндылық-игіліктердің сарқылмас бұлағы. Сол құнды бұлақтан мейіріңді қандырып, рухыңды көтеретіндей күш-қуат алып, толыққанды өмір сүру – бүгінгі біздің, ертеңгі келер ұрпақтың, мәңгі адамзат баласының игілікті еншісі.
«Сарыжайлау» кинотеатры «Қара сөздерді» оқиық» жобасының бастамашысы болды. Аталған шығармашылық жобаны жүзеге асыруға өздеріңізге жақсы таныс артистеріміз: ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Қайрат Кемалов, «Дарын» сыйлығының лауреаты Дунай Еспаев пен оның отбасы белсене қатысты. Сондай-ақ, түрлі мерекелік шаралар мен салтанатты жиындарды сәнді де мәнді жүргізетін Мейрамгүл Кәрібжанова «Қара сөздерд»і қазақ тілінде мәнерлі жеткізсе, оның талантты қызы, сүйкімді бойжеткен Ақнәзік Балапанова «Қара сөздерді» ағылшын тілінде оқыды.
Бұл бірлескен жобада «Қара сөздер» көркем-лирикалық, әлеуметтік-философиялық, қоғамдық-саяси, моральдық-этикалық шағын көріністер-этюдтер тұрғысында берілген. Абайдай ұлы кемеңгердің өмірдің өзекті тақырыптарына қатысты ешқашан ескірмейтін сөздері, көзқарасы мен ойлары тарихи-көркем мұрағаттық бай материалдармен безендіріліп берілген.
Жаңа жобаны қарағандылықтар «Сарыжайлау» кинотеатрында әрбір фильм басталар алдында көре алады. Сондай-ақ, «Saryarqa» телеарнасында прайм-тайм уақыттарында, әлеуметтік желілер мен біздің ресми сайтымыздан тамашалай аласыздар.