ҚР-ның әдебиет пен өнер саласындағы Абай атындағы сыйлыққа ұсынылған шығармаларды қарайтын Мемлекеттік комиссия талқылауының алғашқы іріктеуінен«Қазақ хандығы» тарихи сериалының өткеніне шын жүректен қуаныштымын.
Өйткені осынау үлкен жоба -тарихи сериалды әрдайым қазақстандық кинокартиналарды насихаттаудыбасты мақсат етіп қойған Қарағанды қаласындағы біздің «Сарыжайлау» кинотеатрының экранынан да, телеэкранннан да көріп, айрықша бір патриоттық және мақтаныш сезіміне бөленгенімді қалай жасырайын.Сондықтан да біз бұл тамаша кинотуындыны барша көрерменімізге жеткізуге тырысып, көптеген ұйымдастыру шараларын атқардық.
Ең бастысы, орта буын да, жастар да«Қазақ хандығы» арқылы тарихымыздытануға зор мүмкіндік алды. Шынын айтқанда тарихты білмей келгендер көп болды ғой. Біздің хандарымыздың қандай болғаны, олардың сол кездің өзінде де тәуелсіздік, ел бірлігі мен жердің тұтастығы жолында қалай еңбек еткені аталған фильмдеайқын көрсетілген. Тіпті бір кезде қазақ мемлекеттілігі болмаған деген де сөздер шыққаны белгілі ғой. Міне осындай негізсіз болжам, қаңқу сөздерге қайтару берген мұндай тарихи туындының орны айрықша деп атап өтуіміз керек. Әр сериясын көрген сайын,келесі сериясына дейін тарихымызды тереңнен тани түсіп, хандар мен батырлардың атқарған орасан игі істерінің куәсі боламыз.
Екінші атап өтетін жағдай фильмге актерлер ансамблінің өте оңтайлы таңдалғандығы. Мысалы біз жерлестері ретінде бұрыннан тек драма актері ретінде танылып келген Қайрат Кемаловтың киноға алғаш рет түсіп тұрса да, нағыз талант екенін көрсеткенін мақтаныш етеміз. Жәнібек сұлтанды ойнаған, бұрыннан да фильмдерге түсіп жүрген Еркебұлан Дайыров екеуінің тандемі қандай жарасымды және табиғи көрінеді.Қобыланды батыр рөліндегі Арман Әсеновтің өзі үлкен бір мектеп. Ал тіпті бұрын кино өнерінен мүлде хабары жоқ, жастардың да ойыны тәнті еткені рас, мәселен Шахсұлтанды ойнаған қостанайлық азаматты атап өтуге болады
Қарағанды қаласындағы «Сарыжайлау» мемлекеттік кинотеатрының тарихымызды танып, өткенді зерделеуге ықпал ететін осынау айтулы жобаны көрерменге жеткізу, көрсету шараларын ұйымдастыру барысында атқарған жұмысы да маңызды, мәндіболды.
«Қазақ хандығының» барлық сериялары телеэкранға шықпай тұрып-ақ, осындайүлкен тарихи фильмдішығаруда керемет еңбек еткен шығармашылық ұжымды арнайы шақырып, көрермендермен қаншама кездесулер өткіздік. Сеанс сайын көптегенжастар залда орын болмаса да, картинаны түрегеп тұрып көріп, қатты қызығушылық білдірді. Облыстың барлық аудандарына апарып көрсеттік, ауылдардағы мектеп оқушылары мен жастардың бойында патриоттық сезімнің оянуына керемет әсер еткенін айтуымыз керек.
Есенберлин романының желісі бойынша сценарийді жазушылар қоспасыз, өте бір таза дүниені тарихқа сүйене отырып алған. Тарихтан ешқандай алыстамаған. Режиссер соны әдемілеп, көркемдей білген. Бұл жерде сценарист пен режиссердің мықты одағын байқауға болады, одан кейін актерлер де осал емес. Олардың қай-қайсысы да режиссер қойған талап үдесінен шыға білген.
Фильм авторлары белгілі жазушы -драматург Смағұл Елубай мен талантты режиссер, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Рүстем Әбдірашов,сценарист Тимур Жақсылықовтыңасқан жауапкершілікпен еңбек еткенін аңғарасыз.
Біріншіден, «тырнақ астынан кір іздегендей» шұқылап қарасаң да, «әттеген-ай» дегізетін кемшілік пен олқылық табылмайтын бұл үлкен жоба авторларымен қатар, ойнаған актерлер ансамблінің де, музыкасы мен сурет, дизайн бәрі-бәрі де көрген көзді қуантып, таным мен талғамыңызды өсіретіндігі.
Екіншіден, өткен тарихымызды санамызда жаңғыртып, бүгінгі Тәуелсіздік атты қасиетті күнге жеткенше, ата-бабаларымыз қандай «тар жол, тайғақ кешуден» өткенін «Қазақ хандығы» тарихи сериалы зерделеп берді. Бұл жобаның мектеп оқушыларына арналған көрнекі оқу құралы болатындай маңыздылығын атап өтуіміз керек деп ойлаймын.
«Рухани жаңғыру»бағдарламасының аясындаҚаздауысты Қазыбек би мен Бұқар жырау сияқты ұлтымыздың ұлы тұлғаларының 350 жылдық мерейтойлары кеңінен аталып өтіп, әсіресе жастарымыз өткен өнегелі тарихымызға бет тұра бастаған тұста, жазушы Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» атты атақты трилогоиясының бірінші романы бойынша түсірілген «Қазақ хандығы»сериалының маңызы өте зор болғанын атап өтуіміз қажет.
ҚР Мемлекеттік сыйлығына «Қазақ хандығы» тарихи сериалыныңәбден лайықты кинотуынды екеніне еш күмәнім жоқ. Бұл менің ғана емес, біздің облыс бойынша, аудандар мен ауылдарда осы тарихи жобаны тамашалаған барша көрермендеріміздің пікірі деп білемін.
Рымбала Омарбекова, қазақ мәдениеті мен өнерінің ардагері, «Парасат» орденінің иегері, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Қарағанды қаласы мен Қарқаралы ауданының Құрметті азаматы.
Тұңғыш президентіміз, Елбасының Рухани жаңғыру бағдарламасыныңнегізгі бір саласы Ұлы даланыңжеті қыры бар ғой, тура соған жауап беретін бірден бір кинотуынды осы «Қазақ хандығы» деп айтуға болады.
Ең қуаныштысы - қазақ елінің қазақ мемлекеті болып құрылуының сәтті бастамасы осы фильмде өте әдемі көрсетілген. Шынында да ықылым заманнан бері қазақ деген халықру- руға бөлінген кішкентай болып келгенімен, мемлекет болып тұңғыш рет әлемдік аренада көрінуі осы Керей хан мен Жәнібек сұлтаннан бастау алады, бұл полотнода сол жан-жақты көрсетілген. Егер бүгінгі ұрпақ ол тарихымызды бұрын үзіп-жұлқып оқыған болса, мына кинотуындыда соны тереңнен танып біле бастады.
Фильмді көріп отырып мақтанасың, өйткені ол рух беретін дүние. Және бұл картинаның ерекше ұнағаны тарихты бұзбай, тұтастай сол күйінде беруге тырысқан. Қазақтың шексіз-шетсіз кең даласын көрсетіп, сол далада қаншама кезеңде қиындықтар болды, зобалаң замандар өтті. Соның бәріне қасқайып қарсы тұра білген қазақ халқының бүгінгі күнге дейін қазақ деген халықтың жетуінің бастамасы, соғыса жүріп, жерін бермей, соғыса жүріп елінің басын құраған батырларымыз бен хандарымыздың еңбегі әдемі көрсетілген. Бұл кәдімгі үлкен кинопанорама.
Ең бір тамашасы фильмнің режиссерлік шешімі өте жақсы шыққан, ал сондай батыл шешімге бару үшін о бастан жақсы сценарий болған деп есептеймін.Өте әдемі жазылған, тарих қойнауындағықазақ халқының бүгінгі күнге жетуі үшін қаншама қиындықтарды жеңе білді. Өзінің салт-дәстүрін сақтап қалды осының бәрі әдемі көрсетілген.
Бұл фильмнің ерекше бір ұтқан жері -актерлік ансамблі өте жақсы жасақталған. Және бір бұрынғы жаттанды болып қалған таныс бейнелер емес. Мысалы Керей ханның рөлінде ойнаған Қайрат Кемалов тұңғыш рет киноға түскен. Шеберлігі толысқан драмаактері киноға бірінші рет түсіп тұрса да, жаңа қырынан танылды.
Менің бір таңқалғаным,өзіміздің актер болғаннан кейін сыни көзбен қараймыз ғой, жетпей жатқан жері бар ма деп, жай ғана жаулармен қылыштасатын жерін қарасаңыз, сол жердегі көз жанарында бәрі тұр, көптеген кинода каскадерлер жасайды ондай қимыл-әрекеттерді.Ондайда ішкі жан-дүниесі, жауға деген өшпенділік мүлде көрінбей қалады. Ал Қайратта көз жанарынан ішкі дүниесі түгел көрініп тұр, жауға деген кек пен өшпенділікті тура лап еткізеді, көзінен соны көресіз.
Жәнібек сұлтанды ойнаған актер Еркебұлан Дайыров, ол Халық батыры Бауыржан Момышұлын сомдаған мықты актер. Оның кинодағы бір рөлі бір рөліне ұқсамайды. Осы кинодағы әсіресе психологиялық жағынан кейіпкердің ішкі жан-дүниесін беретінсәттерКерей хан екеуінің отырып керісетін жері бар ғой, сол уақыттағы екеуінің ішкі қиналыстары, әсіресе, маған қатты ұнағаны - «Алмас қылыштың» соңына таман кімді хан сайлаймыз дегенде, «екеуіңнің біреуің болыңдар» деп киіз үйдің ішінде қалдыратынжері бар емес пе, сонда екеуінің де алып кете аламыз ба деп сөйлесіп, ақылдасыпотыратын жерінде жан-дүниелері, ішкі толғаныстары керемет шынайы беріледі. Содан кейін салт-дәстүрге сай ағасы «сен хан бол, жассың ғой» дегенде, «жоқ, аға, сіз болыңыз» дегенде сыйластықтары соншалықты нанымды көрінеді.Осы сөздердіайтқанда Жәнібек сұлтанның ағасына деген сый-құрметі, сенімі бәрі ғажап.
Одан кейін Қобыланды батыр рөліндегі Арман Әсеновтің атта отырысы, сөзі көп болмаса да, салмақпен сабырмен кейіпкерініңшынайы келбетін жеткізе білуі. Мен ойлаймын режиссер Рүстем Әбдірашевтің осы фильмдегі үлкен табысы -актер таңдауда қателеспегендігі.
Мен шын мәнінде баяғы өзіміздің «Қыз Жібегімізден» кейінгі тарихи тақырыпқа қойылған фильмдердің ішінде тұшынып, сүйсініп көрген дүнием осы болды. Фильмнің 4 сериясын да, телевизиялық нұсқасын да көріп шықтым, барлық эпизодтары бір-бірімен жалғасып жатыр.
Мұнда сабақтастық тым жақсы көрініс тапқан. Керей хан өлгеннен кейін,әрі қарай елді кім бастайды, қайда апарады деген тұста Жәнібек хан болады, енді сахнаға жастар шығады. Олардың қатарында кәсіби актер емес те жастар бар, барлығы жұмылып, режиссер жүктеген міндетті тиянақты атқарған, тамаша ойнаған. Сөйтіп жас актерлердің таланты ашылған.
Киноның ерекше бір ұтқан жері ұлы даланың табиғаты арқылы, қазақ тарихының шынайы көріністермен берілуі дер едім.
Бұл фильмнің жетістігі өте көп және қазақ халқы өткен ғасырларда қалай өмір сүрген деген сауалдарға жауап беретін танымдық тарихи құнды дүние. Жай ғана қой баққан емес, ой баққан да қазақ екенін көрсеткен, сән-салтанатты өмір сүрген рухы биік еліміздітанытқан кинопанорама. Бізді жетік біле бермейтін шетелдіктерге ұялмай көрсететін сериялы фильмдер.
Бүгінгі Қазақстан Тәуелсіздікке қалай жетті десе, Хандықтың, бірлік пен тірліктің арқасында, ру-рудан жинақталып, біртұтас ел болғандығының арқасында жеткендігін көрсеткен тарихи фильм. Біз бөлінбеген, қайта жинақталған ұлтпыз.
Осындай көркем дүниенің ҚР мемлекеттік сыйлығына ұсынылып жатқаны өте дұрыс және бірден-бір лайықты тың туынды.
Кеңес Жұмабеков, актер-драматург, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты ҚР еңбек сіңірген артисі.